17.11.2021 Барлық жаңалықтар
1 қарашада университетіміздегі «Children Charity Club» қайырымдылық ұйымы Айсезім есімді қызға қайырымдылық акциясын ашты.
Кішкентай балапанда сирек кездесетін генетикалық ауру жұлын бұлшықет атрофиясы 1 типті анықталған. Аурудың кесірінен Айсезім аппараттарға танылған, өз бетімен дем ала алмайды, тамақ іше алмайды. Статистикаға сәйкес, мұндай диагнозы бар балалар 2 жасқа дейін өмір сүрмейді. Бірақ аурудың өршуін бір дәрі – Золгенсмамен тоқтатуға болады. Инъекция құны 1 млрд теңгені құрайды. «Children Charity Club» ұжымы айналып өте алмай, кішкентай Айсезімнің отбасына көмек қолын созды.
15 және 29 қазан күндері «Ұйымдастыру» және «Ұлағат» ұйымдарымен бірге екі «Кино кештері» өткізілді. Билет сатудан жиналған ақша қордың бастамасы болды.
Қайырымдылықтың алғашқы аптасында ғимараттың «В» фойесінде қайырымдылық шоколадтары сатыла бастады. Шоколадтардың айрықша ерекшелігі алғыс сөздер жазылған Айсезімнің бейнесі болды.
Жинақты қолдау мақсатында 11 қараша күні «Sci Engine» ғылыми клубымен бірлесе отырып, «Қайырымдылық ғылым бейсенбісі» іс-шарасы өтті. Кештің басты қонақтары жастар арасында кеңінен таралған Еңлік пен Алматы қаласы мәслихатының депутаты Есматов Серік болды. Барлық жиналған қаражат Айсезімнің еміне берілді.
12 қарашада сәби Айсезімге арналған «Қайырымдылық фильм көрсетілімі» ұйымдастырылды. Фильм көрсетіліміне Айсезімнің әкесі Сағыныш Еркінұлы қатысты. Іс-шара жанды музыкамен, шоу-бағдарламамен және лотерея ұтыс ойынымен жалғасты.
15 қарашада шұғыл қор тоқтатылып, бірлескен күш-жігермен 1 300 000 теңгеден астам ақша жиналды. «Children Charity Club» ұжымы қамқор студенттер мен университет қызметкерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіреді.