14.04.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылдың 12 сәуірінде Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде "Энергетиканы цифрландыру - саланың тұрақты дамуына жол" атты дөңгелек үстел өтті.
- Құрметті әріптестер! Бүгінгі біздің дөңгелек үстел ғылым қызметкерлері күніне орайластырылған және менің барлық әріптестерімізді қазақстандық ғылым күнімен құттықтағым келеді, - деді ректор Сауле Сагинтаева. – Ғылым - ел дамуының аса маңызды шарттарының бірі, прогрестің қозғаушы күші. Тұтастай алғанда, отандық ғылымның дамуы мемлекеттің басты назарында және Президент, өздеріңіз білетіндей, сәуір айының соңына дейін ғылымды дамытудың 2022/2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды. Соңғы екі жылда ғылымды қаржыландыру екі есе артып, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ұзақтығы бес жылға дейін ұлғайғанын атап өткім келеді. 500 ғалымды тағылымдамадан өткізудің бұрын-соңды болмаған жаңа бағдарламасы осы жылы біздің бес қызметкерімізге (ғалымдарымызға) АҚШ пен Ұлыбританияның жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берді. Соңғы үш жылда біздің 13 қызметкеріміз PhD докторы ғылыми дәрежесін алды. Бүгінгі таңда университетте 125 ғылым кандидаты, 43 PhD докторы және 30 ғылым докторы жұмыс істейді. Біздің қызметкерлеріміздің 42% - ның ғылыми дәрежелері бар. Сонымен қатар, 227 ғылым магистрі жұмыс істейді - бұл ғылыми әлеует, ол жақын арада біздің университетімізде ғылымның дамуына оң серпін беруі керек. Докторантурада 62 студент және магистратурада 398 адам оқиды. Біздің университеттің ғалымдары табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, ақпараттық - коммуникациялық технологиялар, энергетика және машина жасау, ақпараттық қауіпсіздік сияқты барлық басым бағыттар бойынша ғылыми жобаларды орындауда. Ал бүгінгі Энергетика саласын цифрландыру ісіндегі әзірлемелермен біздің жас ғалымдар бөліседі.