БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ ТІРЛІК БАР Қазақстан халқы Ассамблеясы қажет пе?

БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ ТІРЛІК БАР Қазақстан халқы Ассамблеясы қажет пе?


03.05.2022 Барлық жаңалықтар


Өкінішке орай, осы бір киелі сөздің кең мағынасын біздегі дәл осы сөздің қасиетіне жауап беретін Қазақстан халықтарының Ассамблеясы деген қоғамдық-саяси ұйымның өзі осы күнге дейін түсінбей келді. Түсінді деп есептеген күннің өзінде, ол тек сөз жүзінде болды да, іс жүзінде көз алдауға жол беріп келгенін елдің автохтонды иесі болып табылатын қазақтар байқап отырды. Бұл сөздің біздің еліміз үшін кең мағынасы деп отырғанымыз, осы елдің негізін қалаған қазақ халқының тарихы мен сол халықтың ділінен туындайтын рухани қазыналарын дәріптей отырып, оны өзгелердің де жақсы да жағымды жақтарымен қабыстырып, біртұтас ұлтқа айналдыру үшін қызмет ету деген ұғымды білдірсе керек. Бұл жерде біз, біздегі өзге ұлттардың мүддесін ойлайтын Ассамблея сияқты керемет ұйым бар деп масаттанудың түк те қажеті жоқ. Мәселе, сол ұйымның жасампаздық жолындағы істеген жағымды ісімен, жеткен айрықша жетістігімен, басқаны таң қалдыратын тамаша үлгісімен дәріптелгені дұрыс. 28-ші қаңтардағы мемлекет басшысының Қазақстан халықтарының Ассамблеясының кезектен тыс 31-ші сессиясында сөйлеген сөзінен осындай астарлы ойларды анық байқауға болады.

 Егер, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі қолданыстағы ата заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұлттық референдум өткізу туралы ұсынысын заң жағынан ерекше құзырлы орган болып табылатын -парламентте емес, неге Ассамблеясының кезектен тыс мәжілісінде көтерді деген мәселеге тоқталар болсақ, бұның өзіндік астары бар деп ойлаймын. Біле білсек, АҚШ пен Ұлыбритания сияқты өркениетті елдерде 500-ден аса ұлт өкілдері тұрса да, ол елдерде дәл біздегідей аса дәрежелі қоғамдық ұйым деген жоқ. Соған қарамастан ол елдер, ұлт мәселесіне тіпті алаңдап отырған жоқ. Біздің президент осы жағын ойлаған болу керек, әдетте, өз арамыздағы қолайсыз дағдыға айналған - «қазақтан басқа бөтен ұлттар» дегенді қойып, автохтонды қазақтардың өзіндік ерекшеліктерін ескеріп, «бір ел, бір халық, бір тағдыр» деген ұғымға бүкіл жұртшылықты ұйыстыра алсақ, тірлігіміз де берекелі бола болмақ деген сияқты ой тастаса, біздер жастармен жұмыс істейтін қауым, президенттің осы ойымен санасып, ұлттық референдум өткізуге түсіністікпен қарау керек деген ойдамын...

Бақдәулет Берлібаев, т.ғ.д., Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-дағы Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры

ENERGO UNIVERSITY