МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛІМІЗДІҢ ЕГЕМЕНДІГІ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІ НЫШАНДАРЫ

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛІМІЗДІҢ ЕГЕМЕНДІГІ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІ НЫШАНДАРЫ


03.06.2022 Барлық жаңалықтар


Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде 2022 жылдың 3 маусымында Әлеуметтік пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы рәміздері күніне арнап «Еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін символ» атты тақырыпта онлайн дөңгелек үстел өтті. Оған Алматы қаласының жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен студенттері қатынасты.

Басқосудың ұйымдастырушы-модераторы Кабдушев Болат Жоламанұлы - ӘП кафедрасының меңгерушісі. кіріспе сөзінде рәміздердің кез келген мемлекеттің егеменділігін сипаттайтын, қоғамның рухани бірлігін нығайтатын атрибуттарының бірі екендігін айта келе: «Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік әнұран - мемлекетіміздің рәміздері, оны қастерлеу тәрбиелеу отансүйгіштіктің түпқазығы. Саналы азаматтық ұстаным ретінде мемлекеттік рәміздерге деген құрмет Отанға деген сүйіспеншілік, ата-ана, туысқан, отбасы, халқын қадірлеуге, Отанды бағалауға үйретеді» деп отырысты ашып берді.

Бірінші болып сөз алған – Қазақстан педагогикалық ғылымдар академияның академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Салқынбек Досалы Исаханұлы әнұран, елтаңба, тудың шығуы ата-бабаларымыздың жанкешті қызметінің нәтижесінде Мемлекеттік белгі-нышандар ретінде салтанат құрғанын еске салды. Қиындықпен қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің символын бүгінгі жастарымыздың қорлау фактілерінің орын алғанына өкініш білдіре келе, ҚР туының авторы Шәкен Ниязбеков туралы тамаша, тағылымды естеліктер айтты.

Келесі сөз алған тарих ғылымдарының докторы, ӘП кафедрасының профессоры Берлібаев Бақдаулет Тұрбекұлы Қазақстан Республикасының рәміздерін жалпы сипаттай отырып, музыкасы өткен ғасырда елуінші жылдардың ортасында халық арасында кең танымал «Менiң Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтың патриоттық әні жаңа әнұранның негізіне айналғандығын еске салды.

Саяси ғылымдарының докторы, ӘП кафедрасының профессоры, Мухамбедьярова Алтынай Тулеуовна жастарды патриоттық тәрбиелеу, азаматтылық пен патриотизмді қалыптастыруда рәміздердің атқарар қызметтерін жіктеп,  ел тұтастығын қамтамасыз етудегі бұл нышандардың артықшылығына тоқталды.

Терең ой-тұжырым жасаған философия ғылымдарының кандидаты, ӘП кафедрасының профессоры  Қуаныш Шәкіртұлы Мұхамеджан өтіп жатқан іс-шараны жоғары бағалап, дөңгелек үстелге қатысушыларды мейрамдарымен құттықтады. «Рәміздер өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды қоғамдық институты болып табылады. Білім берудегі басымдық тәлім-тәрбиені ұмытпауымыз керек. Нағыз патриот болашақ үшін жауапкершілікті мойнына алуға әзір, рухани, адамгершілік қасиеттері мол, Отанының қамқорлығын көрген, азаматтық парызын еріктілікпен атқаратын, елін мақтан тұтуымен, ұлттық құндылықтар мен рәміздерді жоғары сезіммен қастерлейтін ертеңгі болашағымыз» деген сөзін жастарға арнады. Өкінішке орай, осы рәміздерімізге қоғамымызда тиісті құрметтің болмай қалатын оқиғаларына қынжылыс білдірді.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата, – деп жалғастырды келесі сөз иесі Мүбарак Мадина,  (ИСк-19-1 тобының студенті) - Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2». Туымыздың сипаттамасынына терең үңіле келе, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы белгілі суретші Шәкен Ниязбеков екенін ерекше атап, ту тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің нышаны болатынын жеткізді.

 Рәміздер күнімен құттықтаған философия ғылымдарының кандидаты, ӘП кафедрасының доценті Абрахматова Гулнар Абрайкуловна «Жаңа Қазақстан, жаңғырған партиялар» атты баяндамасында ертеңгі референдумға да елдің назарын аударды.

Жарыссөзге Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Кәдір Нұрғалым бүгінгі мазмұнды әңгімеге ерекше көңілі толғандығын айта келе, жастармен тәрбие жұмысын үздіксіз жүргізу қажеттігін тағы да ескертті.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлы тәлім-тәрбиеге толы отырысты ұйымдастырушыларға және қатысушыларға университет басшылығы атынан алғысын білдіре отырып, Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет тәрбие арқылы қалыптасатынын, ұлттық нышандарымызды зерделеу арқылы студенттер төл тарихына үңілетінін айта келе, жастарды Тәуелсіз Елімізге, оның ресми рәміздеріне құрметпен және сүйіспеншілікпен қарауға, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін қастерлеуге, биік рухтағы ел жанашыры болуға шақырды.

Болат Кабдушев

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

ENERGO UNIVERSITY