05.09.2022 Барлық жаңалықтар
Бүгін қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды.
Ахаңның білім, ел басқару, тіл туралы нақыл сөздері
Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.
***
Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.
***
Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса.
***
Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал.
***
Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.
***
Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек.
***
«Қазір білім беру қажеттілігі туралы ешкім дауласпайды. Өз дамуында алға ұмтылған халықтар бұған білімнің арқасында қол жеткізеді, ал артта қалу әрқашан білімнің жетіспеушілігі болып табылады. Халық қаншалықты бай болса да, терең білімсіз оның байлығын әрқашан өркениетті халықтардың қолына өтеді».
***
Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі
Басшылығы дұрыс болса әлеуметті түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады.
***
Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер
***
Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы.
***
Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.
***
XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.
***
Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір.
***
Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.
***
Тілін жоғалтқан жұрттың өзі де жоғалады
***
Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл.
***
Өз тілінде сөйлейтін, өз тілінде жазатын ұлт ешқашан жойылмайды. Ұлттың сақталуына немесе жойылуына ықпал ететін ең күшті фактор – бұл тіл. Тілдің жоғалуымен бірге халықтың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа халықты қосқысы келетіндер, ең алдымен, осы халықтың тілін жоюға тырысады.
Әлеуметтік пәндер кафедрасы және
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі