30.09.2022 Барлық жаңалықтар
Біз кімбіз, қайда бара жатырмыз?!
(23-24 қыркүйекте өткен семинардан алған әсерімнен)
Өткен аптада Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің басшылық құрамына арналған «Университеттің даму моделі» тақырыбына Ұлттық ұстаз онлайн академиясынан э.ғ.к., сарапшы Курганбаева Гульмира Аманжоловнаның ұйымдастыруымен екі күн дәрістер тыңдап, тапсырмалар шешу, болашақты болжау, жоспар жасау, ұжымдық шешімдер қабылдау сияқты жаттығулар жасадық, білімімізді шыңдадық.
Түйгенім: жеке адам ретінде, мақсатқа жұмылдырылған ұжым ретінде біз кімбіз, салыстырмалы түрде қандай деңгейдеміз, даму мүмкіндігіміз қандай деген сауалдарға ізденсеңіз Сіздің болашағыңыз бар. Менің түсінігімдегі бұл жаттығулар осындай мақсат көздейді.
Бүгінгі заманның жылдам ағысында тоқтап ойлануға мұрша келе бермейді. Жан-жағыңа қарап, салыстырып өзіңді бағалау үшін мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс екен. Көзіңді ашады, жігеріңді қайрайды, жасап жүрген жүрген шаруаңның дұрыстығын нақтылайсың. Алдағы мақсаттарыңды белгілейсің!
Екі күндік оқу-жаттығулардың нәтижесінде түйгендеріміз шаш етектен. Ойымызды жинақтап, қорыту үшін де уақыт керек. Жарататыны бар, артық-кемін салмақтауға ой салды.
Кез келген университет жұмысын стратегиясын айқындаудан бастайды: жаһандық, қарсыластық, инновациялық стратегиялар, одақтық стратегиялар. Стратегияның негізгі элементтерін айқындай отырып, әзірлеу үдерісінің қыр-сырын біле бермейді екенбіз!
Ұжымды (университет, кафедра) ерекше организм ретінде қарастырар болсақ, үнемі оның қайшылықтарына да дайын болуымыз керек екен. Өсу, өну, тамырын тереңге жаю үдерісінің бәрі бақылау, күтімді қажет етеді. Дәрістердің ұжымды ортақ басқарудағы біліктілікке үйрететін жақтары көп болды.
Қалыпты қақтығыстарды (конфликтілер) барынша қалай пайдалануға болады деген сауалға жауап ретінде тренингке қатысушылар осы дау-дамайларды басқару бойынша құзыреттілігін арттырудың дағдыларын жаттықтырумен айналысты.
Сайып келгенде ұжымды басқарудағы негізгі тірек адам ресурсы, қоғамның қозғаушы күші, отбасының ұйытқысы ретінде әр қызметкерге жауапкершілікпен қарап басқару кемел қоғам, дамыған мемлекет құрудағы шешуші рөлді атқармақ деген терең ойда қалдық.
ӘП кафедрасының меңгерушісі Кабдушев Б.Ж.