28.10.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылы 26 қазанда Тіл білімдері кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ энергетика ғылымының саңлағы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері Шапық Шөкиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Қазақ энергетика ғылымының атасы» атты танымдық кеш өткізілді.
Шапық Шөкин Қазақстан энергетика ғылымының негізін салып, Қаныш Сәтбаевпен бірге Қазақстан Ғылым академиясын құруға ат салысқан академик. Ғалым Ертіс өзенін бұру арқылы Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге болатындығын дәлелдеген. Сондай-ақ, Сібір өзендерін Қазақстан мен Орталық Азияға бұру мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған алғашқы ғалым. Ол 1944-50 жылдары Іле өзенінің суы мен энергетика қорын кешенді пайдалану мәселесін әбден зерттеп, Қапшағай бөгені мен Қапшағай су электр станциясын салу ісіне үлкен үлес қосты.
Кешке Ш.Шөкиннің біраз жыл қызметтес болған әріптесі техника ғылымдарының кандидаты, АЭжБУ колледжі директорының орынбасары Парамонов Сергей Геннадьевич, Шапық Шөкиннің немерелері – техника ғылымдарының кандидаты, профессор Абишев Шапық Тельманұлы және Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ зангері Шөкин Жанар Мұратұлы шақырылды. Сондай-ақ кешке университетіміздің 1 курс студенттері: Ақпараттық технологиялар институтынан «IT» командасы, Электр энергетика және электр техника институтынан «Сұңқар» командасы, Телекоммуникация және ғарыштық инженерия институтынан «Жалынды жастар» командасы, Жылу энергетика және басқару жүйелері институтынан «Жас ғалымдар» командасы қатысты. Кешті Электр энергетика және электр техника институтының директоры Абдимуратов Жұбаныш Суйнуллаұлы салтанатты түрде ашты.
Бұл танымдық кеш барысында қадірлі қонақтарға сөз беріліп, олар академик жайлы естеліктер айтты. Содан кейін әр институт бойынша 3 студенттен тұратын командалар арасында сайыс өтті. Сайыс талабы бойынша қатысушы командаларға үй тапсырмасы алдын ала берілді. Олар Шапық Шөкиннің көзін көрген қызметтестерінен, шәкірттерінен және туыстарынан сұхбат алып, бейнеролик түсіріп дайындады. «IT» командасы академик Ш.Шөкиннің әріптесі жылуэнергетикалық қондырғылар кафедрасының профессоры техника ғылымдарының докторы, профессор Бирлесбек Каниевич Алияровтан; «Сұңқар» командасы ғалымның әріптесі техника ғылымдарының кандидаты, АЭжБУ колледжі директорының орынбасары Сергей Геннадьевич Парамоновтан; «Жалынды Жастар» командасы академиктің шәкірті техника ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының профессоры Владимир Ефремович Мессерледен; «Жас ғалымдар» командасы Ш.Шөкиннің ұлы физик-ғалым, физика–математика ғылымдарының докторы, АҚШ Нью-Йорк академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанат Шафикұлы Шөкиннен сұхбат алды. Сайыстың 2 кезеңі бойынша ғалым-энергетик, Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкиннің өмірі мен еңбектері бойынша танымдық викторина жүргізілді.
Сонымен қатар танымдық кеш аясында университет кітапхана ұжымы Шапық Шөкиннің туғанына 110 жылдығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Кеш барысында студенттер өз өнерлерін көрсетті, атап айтқанда АЭМСк-22-1 тобының студенті Есқожина Даяна «Қазақ елі» әнін шырқап, СИБк-22-10 тобының 1 курс студенті Мизами Береке Құрманғазының «Адай» және Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындады. Кеш соңында Тіл білімдері кафедрасының меңгерушісі Төлеуп Мейрімкүл Мұхамедиярқызы танымдық кештің қадірлі қонақтарына және сайысқа қатысқан студенттерге алғыс білдіре отырып, кештің жеңімпаздарын марапаттады.
Қазылар шешімінің нәтижесінде, командалар келесі орындарды иеленді:
1 орын – «Жас ғалымдар» командасы
2 орын – «Жалынды жастар» командасы
3 орын – «IT» командасы және «Сұңқар» командасы
Жеңімпаздар грамоталармен марапатталды.
Бұл танымдық кештің мақсаты – Шапық Шөкиннің өмірбаяны мен еңбектерін студенттерге таныстыру.
Танымдық кеш әсерлі де қызықты өтті.