21.10.2020 Барлық жаңалықтар
1 КУРС СТУДЕНТТЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ОН КҮНДІГІ
«Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес,
қазіргі заманды және болашақты терең түсіне
алатын білімді адамдар ауадай қажет»
Н.Ә.Назарбаев
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің 1 курс студенттерінің дәстүрлі он күндігі Әлеуметтік пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп, қорытындысы шығарылды.
Бұл жолы үйлерінде қашықтықтан оқып жатқан студенттерімізге «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын «Туған жер», «Елдің жадындағы көрнекті есімдер», «Қасиетті киелі жерлерінің» жобалары аясында студенттерге туған өлкесінің тарихын баяндайтын зерттеулер жазып жіберуді ұсынғанбыз. Олар тапсырманы ерекше қызығушылықпен орындап, 5 қазанға дейін 50-ге жуық студент конкурсқа «Туған жердей жер болмас...» деген рухта жазған жұмыстарын жолдады.
Бәйгенің мақсаты пандемия жағдайында жастарды өз жеріне, ауылына, қаласына және кішігірім Отанына деген сүйіспеншілік сезімін тереңдетуге ынталандыру. Туған жерін қастерлеу арқылы рухани тазалыққа, адамшылыққа, турашылдық сияқты қадір-қасиеттерді сіңіруге үйрету. Түптеп келгенде еліміздің тарихы дүниежүзілік тарих пен көшпелілер өркениетінің ең маңызды бөлігі болып табылатындығын түсіндіру.
Конкурсқа келіп түскен студенттердің жұмысынан туған еліне деген ықыласы, сүйіспеншілігінен еліне деген борыштылық сезімін аңғардық. «Арыма сын» деп, өзіне мақсат-мұраттар қоя алатын жауапкершілікті байқадық. Елбасы айтқандай «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды»,- деген толғанысынан шынайы елдіктің қайнарын туған өлкеге деген сүйіспеншіліктен іздеу қажеттігін меңзеуін жастар да қабыл алуда.
Студенттердің ұсынған жұмыстарында туған жердің киелі мекендерін ұқсас қасиетті жерлермен сабақтастыра отырып, ортақ мәдени кешен жасау туралы ойларын ортаға салады. Қазақстанда туризмді дамытуды қастерлі мұраларымызға сүйеніп жасауға болатынын негіздейді.
Олар ел мен жер тағдырының құпия қырлары және тарихи жұмбақ саналатын сырлары туралы таңғажайып мәліметтер бере алды. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» демекші туған жерінің ерекшелігімен тыңдаушыларды таң-тамаша қылып, өркениетіміздің әлемдегі орны мен рөлін жаңа ұстаным, жаңа бағытта ашуға ұмтылып, елге деген сүйіспеншілік сезіміне бөленеді. Өздері мекен ететін қалалар мен ауылдардың тарихы мен тағылымдарын ашып көрсетеді.
Отаншылдықтың қайнары болған құтты мекенінің құндылығын қазық қылған жастардың әр күнгі ашар әлемі қажырлы ізденістен, бойына дарыта алатын қадір-қасиет және мінезден болатындығын сезінесіз... Елім дейтін азаматтардың өсіп-өніп, ізімізді басып келе жатқанына қуанасыз!
Айтылған жобалар бойынша жұмыстың 2-ші кезеңі (туры) әлі де жалғасатын болады. Аталмыш іс-шараға жастарды қатысуға шақырамыз. Сапалы жұмыстарды құрастырып, еңбектер жинағын шығаруды жоспарлап қойдық. Төменде Сіздердің назарларыңызға бірінші кезеңнің (декада шеңберінде) қорытындысын жариялап, студенттердің туған жерлері туралы тырнақалды жұмыстарын бөліп, өңдеп ұсынып отырмыз.
Құрметпен, Кабдушев Болат Жоламанұлы
Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі
Құттықтаймыз! Құттықтаймыз! Құттықтаймыз!
Сіздерге Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Есімдері ел есінде – біртуар тұлғалар» атты тақырыптық жобалары бойынша І курс студенттерінің жылда ұйымдастырылатын дәстүрлі «Он күндігі» аясында 2020 жылдың 24 қыркүйегі – 5 қазан аралығында іс-шараға белсене қатынасқан к о н к у р с т ы ң І кезеңінің жеңімпаздарын жариялаймыз.
- т.ғ.к., доцент Кабдушев Болат Жоламанұлының жетекшілігімен:
І орын - «Саялы Сайрам мекені» және «Қазақстанның тарихи ескерткіштері …» Тлеуова Әсия (ИСк-20-1)
ІІ орын – «Бақтыбай ауылы» (Зерделеу) Есжанов Нұраділ (ВТк-20-1)
ІІІ орын – «Арыс қаласындағы киелі жерлер» (Эссе) Эркинов Нұржан (ВТк-20-1)
ІІІ орын - «Жаңақала – алтын тұғырым» Амангелдиева Гүлрайхан (ИСк-20-1)
– т.ғ.к., доцент Байдильдина Сәуле Хайрулловнаның жетекшілігімен:
І орын - «Киелі мекен Кең Жылыой» (видеоролик) Битимбаев Нұрғиса Нұрланұлы (ПСк-19-1)
ІІ орын – «Туған өлкем!» (Өлең) Төлеп Жанира Болатқызы (РЭТк 20-6)
ІІІ орын – «Ұлт діңгегі – Ұлытау!» (Эссе) Меңғали Аружан Үсенқызы (РЭТк-20-8)
ІІІ орын – «Мен болған отанымыздың киелі жерлері мен қазыналары» (Шығарма)
Айсанов Алдияр Бауыржанович (ЭЭк-20-2)
– т.ғ.д., профессор Берлібаев Бақдәулет Тұрбекұлының жетекшілігімен:
І орын - «Маңғыстау өлкесінің киелі жерлері» Социал Бақытжан (ЭЭк-20-12)
ІІ орын - «Шығыстың рухани бұлағы - қасиетті Ырғызбай ата» Рамазанов Дарын (ЭЭк-20-12)
ІІІ орын – «Есімдері ел есіндегі бір туар тұлғалар» (баян) Әбдіқалық Алуа (ЭЭк-20-8)
ІІІ орын –«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» Максимова Әлима (Пск-20-8)
– т.ғ.к., доцент Утегалиева Алмажан Джусуповнаның жетекшілігімен:
І орын – «Сакральные места Восточно-Казахстанской области» Нурша Б. (ЭЭ-20-13)
ІІ орын – «Сакральные места Казахстана, сотворенные природой» Омакаева Л. (ЭЭ-20-14)
ІІІ орын – «Мавзолеи казахских ханов» Попков М. (ВТ-20-3)
ІІІ орын – «Коркыт Ата в памяти потомков» Куандыкова А. (ЭЭ-20-14)
– т.ғ.к., доцент Кенжебеков Капалбек Кокежанұлы және аға оқытушы Саргисова Гүлзада Балғабекқызының жетекшілігімен:
І орын - «Родной город Жетісай» (видеоролик), «Имена в памяти народной – уникальные люди» (Эссе) Чуманова Ш. Р. (РЭТ-20-1) - Рук. Кенжебеков К.К.
ІІ орын - «Туған жерім-Текелім» (Видеоролик) Сейтнұр Сымбат. (АУк-20-15) -Жет: Саргизова Г.Б.
ІІ орын – «Сакральные места Казахстана» (стихи) Хамзин Фархат (АУ 20-8) - Рук. Кенжебеков К.К.
ІІІ орын – «Міржақып Дулатұлының қоғамдық мәселелерге көзқарасы» (Зерделеу) Шаден Мөлдір. (АУк-20-13) - Жет: Саргизова Г.Б.
Студенттерге мақтау қағаздары мен университет өнімі саналатын сыйлықтар табысталады.
Ескерту ретінде: конкурстың ІІ кезеңі барлық курстардың студенттері мен магистранттарының қатысуымен 2020 жылдың желтоқсан айының 7 – 12 күндері конкурстың жалпы қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталады.
БАҚТЫБАЙ АУЫЛЫ - ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ӨЛКЕ
Орындаған: Есжанов Нұраділ
Ғ.Даукеев атындағы АЭжБУ
1 курс. ВТк-20-1 Алматы облысы
Жетекші: т.ғ.к., доцент Кабдушев Б.Ж.
Ауыл-ата-бабамыздың өмірге келіп, кіндік қаны тамған, маңдай тері төгілген киелі мекен. Ананның әлди, аялы алақаны қандай қымбат болса, ауыл соның негізгі ұясы.
Ауыл қазақтың алтын бесігі. Сұлу сөз өрнектеген ақын, ән тербеген сазгер, қызыл тілді шешен, ел қорғаған батыр қарапайым ауылдың қара шанырағынан шыққан. Біз үшін туған ауылдың ұлтарақтай жерінің өзі қазына. Ауыл-сол жерде өмір сүрген барша халықтың шежіресін жазып беретін мәңгілік кітабы. Өзінің туған жерін жан жүрегімен сүйіп, сырын ұғып өскен ұрпақ қана ұлттық пердесін сақтай алады деп ойлаймын.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық табылмайды-деп туған жерге деген ыстық сезімін жырға қосады.
Бақтыбай ауылы жеке территория ретінде өз тарихы бар өлке.
1926 жылы Чубар ауылының тұрғындары Мәскеуге елші жіберіп Сталинге жаңа қоныстандыру туралы өтінішін жібереді. Ол өтінішті Воршилов қабылдайды. Сөйтіп 1927- жылы елшілер рұқсатпен оралады. Құрылысқа берілген жерлер бір отбасына бір гектардан бөлу басталады.
1928 жылы сегіз көшеден тұратын елді мекен құрылады да Сталинск деген атау алады.
1929 жылы коммуна құрылады. Оның басшысы Риягузов Якоб болды. Коммунаға отыз отбасы кіреді.
1930 жылы ұжымдастыру басталады. Колхоздың басшысы Белоносов Николай сайланады.
Ең бірінші мәдениет үйі ұзақ жылдар бұрын ашылған, мәдениет үйінің ғимараты Колхозная көшесінде орналасқан. Кейіннен ол ғимаратта ауылдық аурухана болған. Қазіргі уақытта ол ғимарат мүлдем жоқ. Сонғы жылдары клубты Шопен Александр Андреевич. 1955 жылы жаңа клубтың ғимараты салынды. Ол школьный көшесінде орналасқан.
Александр Андреевич Шопен 1919 жылы дүниеге келген. Туған жері «Вологодская обл., Славеносербский р-н, с. Желтое». Сәуірдің алтысы 1985 жылы бірінші дәрежелі Отан соғысы орденін алған. Ол туралы ЦАМО. Юбилейная картотека награждений, шкаф 62, ящик 20. Номер документа 85 айтылған.
1958-жылы «Новый мир» және «Крупская» ауылдарын біріктіріп, «Крупское қолхозы» деген атау беріледі. Жаңа колхозда көптеген экономикалық өсулер ауылдың мәдени өміріне көп көңіл бөлді. Ауылда саябақтар салынды және мәдениет үйі салынды. Крупский да ең алғашқы аурухана соғыс жылдарынан кейін Крупский көшесінде болған екен. Қазіргі уақытта ол ғимаратта дәріхана орналасқан. Медициналық құрамда акушер және медбике болыпты. Бірнеше жылдардан кейін «Колхозная» көшесінде он төсекті аурухана ашылып, кейіннен төсек саны елуге дейін жеткен. Колхозда мемлекеттік бюджетке 1976 жылы Гагарин көшесіне жүз адамға арналған заманауи аурухана салынған. Ол жерде он бір түрлі дәрігер мамандар жұмыс істеген екен.
Колхозная, қазіргі Жансугурова көшесі
1979-жылдары колхозды Калинин басқарған кезде шағын экономикалық өсулер болды. Сол жылы ауылымызда: МТФ, гараж, контора және т.б салынған екен. Колхоз социалистік жарыстарда бірінші орында болыпты.
Чипетковтың ауылды дұрыс басқара алмағаны ауылдың жағдайына өте қатты әсер етті. Осы жылдары екі млн рубльге тұрғызылған қой фермасы колхоздың қаражатына үлкен зардабын тигізеді. Колхоз өкіметке сегіз млн рубль қарыз болып қалады.
1989-жылы колхозда жалға беру ұйымдастырады. Үш жылдың ішінде жерлерді жалға беру ауылды экономикасын бір шамаға көтереді. Соның нәтижесінде көптеген жолдар жөнделіп, жаңа техникалар алынды.
1996-жылы колхоздың негізінде «Ескелді би» өндірістік корпорациясы құрылды.
2000-жылы Крупское атауы «Бақтыбай Жолбарысұлы» болып ауысады. Себебі Бақтыбай Жолбарысұлы 1935 жылы Алматы облысы, Ескелді ауданы, Өтенай ауылында дүниеге келген.
Жеті жасында жетім қалып, бірнеше жыл Балхаш, Сексеуіл, Шұрық жақта нағашыларының қолында болады. Кейін еліне қайтып келіп, ағайындарының малын бағады. Жиын-тойларда өлең құрастырып ақындығын танытады. Ақыры өнері жалшылықтан құтқарып, өленнің соның біржола түседі. Әсіресе, атақты Тезек төремен айтысы 1861 жылы Бақтыбайдың ақындық даңқын бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі етеді. Төренің айбынынан ықпай, оның әлсізге жасаған зорлық-зомбылығын бетіне басады. Ақын өзге де әділетсіз бай, болыс, т.б. мықтыларды әшкерелеген өлеңмен айтысты. Балалары: ұлы Мотыш бала кезінде қайтыс болған. Қызы: Қанапия (тұрмысқа шыққаннан кейін қайтыс болған). Қызы Нұрыш (1889-1962), Жақан (1915-1989), Ұлы: Жүсіпбек (1900-1961) балалары жоқ.
Қәзіргі кезде де ауылымыз өркендеуін тоқтатқан жоқ. Ауылымызда көптеген жаңа ғимараттар салынуда. 2015 жылы су кіргізіліп, интернет желісі де тартылды. 2015 жылы жаңа аурухана жұмысын бастады. Ауылымызда екі мектеп, екі медициналық пункт, және екі балабақша жұмыс істеуде. Сонымен қатар 2016 жылы Өтенай ауылында жаңа спорт алаңы салынды. 2016 жылы ауылға үлкен Бақтыбай минимаркеті ашылды. Қазіргі кезде көркем ауылымызда екі мешітіміз бар. Бірақта бір мешітіміз салынуда. Ол салынудың салтанатты түрі 2018 жылы басталды. Ауылымыз күннен күнге көркейу үстінде, бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе.
Бақтыбай шағын маркеті
Зерттеу барысында мен ауылымның тарихын терең меңгеріп зерттедім. Ауылымның тарихы осыншалық бай екенін білмедім. Сонау бұрынғы кездегі архивтерді іздеп, тауып білу мен үшін үлкен жетістік. Келешекке үлкен сеніммен көз тастасам менің ауылым сәулеті асқан, дәулеті тасыған берекелі құт мекен болады деп сенемін. Бақтыбай тарихы туралы мәліметтер жоқ болғандықтан қарт адамдардың айтқан әңгімелерін, мұрағат деректерін пайдаланып, тың деректер жинақтап, оқушыларға, студенттерге көмекші құрал ретінде пайдалануға болады деп есептеймін. Ауылымыздың «тәй-тәй» басқан, елді есеңгіреткен ауыр кезеңі артта қалды. Аталар көрген бейнетті ұрпағының басына бермесін, сол үшін де баршамызға барынша қажырлы қызмет ету қажет. «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» - деп Абай атамыз айтқандай, еліміздің, ауылымыздың гүлденуі болашағы, келешек яғни біздердің қолымызда. «Елім, жерім» деп соққан жүрегі бар жас ұрпақ, яғни біздер білімді, ақылды,парасатты адамзат болып өсіп, халқымызға пайдасы тиетін ұлжанды ұрпақ болып тәрбиеленуіміз қажет. Менің ауылымның өркендеуіне үлес қосқан адамдар, ауылымыздың көркеюіне әрбір ауыл тұрғыны өз үлесін кішкене болсын қосқан. Ауылдың көркеюіне үлес қосқан адамдарға алғысым шексіз. Соларды атап өтетін болсақ ауыл әкімі Исабеков Айдын ауылымызға су кіргізіп, интернет желісінің тартылуына зор үлесін қосқан және де ауыл жолдарына көп көңіл бөлуде. Сонымен қатар Дүйсенбинов Айдын ағамыз ауылымыздың көркейуіне барынша көмек тигізуде. Біздің ауылымыздың тұрғындары барынша жұдырықтай жұмылып мешіт тұрғызып жатқанына да мың алғыс! Ауыл болашағы бүгінгі білімді ұрпақ қолында болады деп сенемін. Болашақта ауыл жастары яғни біз ауылымыздың көркеюіне және гүлденуіне өз үлесімізді қосамыз деген үміттемін.
Бақтыбай мектебі
Қазіргі кездегі Бақтыбай атындағы мектебіміз.
Ауылымның әдемі көріністері:
Жайлап отыр менің ауылым
Алатаудың сол бір бауырын
Туып өстім сенде, есейдім
Алаулатып жастық жалынын
Жайлауы жасыл, жайқалып жатыр
Әйгілі Алатауымнан
Гүліңдей жайнап, асырсалып ойнап
Еркелеп өскен ауылым
Ауыл әкімі Исабеков Айдын Ерболович 1974 жылы отыз бірінші тамызда дүниеге келген. Бала кезінен Өтенай ауылында әкесі Ерболған анасы Сарқыт бірге өскен. Үйлерінде екі бала болған.
2010-жылы Бақтыбай ауылының әкімі болып сайланды. Қазіргі кезде Сүйнбай бұрынғы «Гагарина» көшесінде тұрады. Екі баласы бар.
Бақтыбай ауылы 2020 жыл
МЕН БОЛҒАН ОТАНЫМЫЗДЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ МЕН ҚАЗЫНАЛАРЫ
Орындаған: Айсанов Алдияр Бауыржанович
Ғ.Даукеев атындағы АЭжБУ
1 курс. ЭЭк-20-2 Қарағанды қаласы
Жетекші: т.ғ.к., доцент Байдильдина С.Х.
Ұлан-ғайыр елімізде көптеген киелі, әрі әдемі жерлердің бар болуы – ұлттық мақтанышымыз. Олар мемлекет тарапынан қорғалып, бүкіл әлемнен келіп отырған саяхатшыларды қызықтыратыны мәлім. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның мақаласы аясында өлкеміздегі киелі орындарға мән беру, экологияны жақсарту, олардың картасын жасау көзделген. Осыған орай, Елбасымыз: «Патриотизм – кіндік тамған жеріне, өскен ауылына, қалаң мен өңіріне, яғни туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады»- деп айтқан болатын.
Мен 2019 жылдың наурыз айында мектебіммен бірге мемлекеттік бағдарлама аясында Түркістан облысына баруға мүмкіндік алып, көптеген киелі, әрі көркем жерлерді өз көзіммен көрдім. Бұл саяхаттан үлкен әсер алып, өлкеміздің тарихы жайында білімімді толықтыра білгенім үшін алғысым шексіз. Бір ғана Түркістан облысы бойынша қасиетті, киелі жерлердің тізімі анықталып, олардың өңірлік картасының дайындалуының нәтижесінде тарихи-мәдени маңызы бар 1300-ге жуық ескерткіш есепке алынған.
Біз аттанған бірінші экскурсия – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. “Арыстан Бабқа түне, Яссауиден тіле” дейтін қазақ атамыз. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. Сол тарихи ғимаратқа жақындаған сайын, мен оның үлкендігі мен әдемілігіне таңғалдым. Ені 46,5 м, ұзындығы 65 м. Күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі биіктігі 37,5 м.
Кесене алдындағы фотосуретке түскен ұжымымыз (28.03.19)
Кесененің ең көрнекі мұраларының бірі - Тайқазан. Деректер бойынша, ол 25 мамырда 1399 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен 7 түрлі металдан құйылған болатын. 1935-1989 жылдар арасында Ленинград қаласында болып, кесенеге қайтарылған.
Кесене жайлы бірнеше фактілер:
1. Кесенеде Орта Азиядағы ең үлкен кірпіш күмбез
құрылған.
2. 350-ден астам хандар мен билер, батырлар жерленген.
3. Кесене құрылысы Әмір Темірдің өлімімен тоқтады. Құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін біткен жоқ.
Келесі барған жеріміз – Сауран қаласы. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Ақ орданың астанасы болған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солт-шығыстан оңт-батысқа қарай 800 м, солт.-батыстын оңт-шығысқа қарай 500 м, мәдени қабатының биіктігі 2 м. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қаланың кіреберісінде үлкен көпір бар. Оның асты түгелдей қазылған. Экскурсия жүргізген адамның айтуы бойынша қазылған жер шайқас қаупі төнгенде сумен толтырылған. Қала ішіне кірсек, үйлер мен мешіттерден қалған кірпіштер, құмыралар толып тұр. Зираттар да аз емес. Әлі күнге дейін адам қанқалары, қару жарақтар, ғимараттар табылып жатыр.
Сол күні Арыстан Баб кесенесіне де барып жеттік. Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында салынған. Ауданы 35x12 м, биіктігі 12 м. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген. Кесенеге кірер алдында аяқ киім шешу абзал. Кірген бетте екі жағынан кішігірім бір-бір бөлме бар. Біріншіден оң жақтағы бөлмеге кірсек, ішінде намаз оқитын, неке қиятын бөлме орналасқан. Сол жақтағы бөлмеде бірнеше зират бар. Имам дұға оқып шыққан соң, бір-бірден далаға шыға бастадық. Кесене қасында “емді” суы бар құдық орналасқан. Аңыз бойынша сол су барлық аурудан емдиді. Соның дәмі өте тұщы екеніне көзім жетті.
Сауранға барғанымыздан естелік
Соңғы аттанған жеріміз – Ақ Мешіт үңгірі. Кірер алдында арнайы жабдықтарды киіп астыға түстік. Үңгірдің өз микроклиматы бар. Температурасы мен құстары қоршаған ортадан өзгеше. Аңыз бойынша, жаугершілік заманда Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, соғысқа аттанған екен. Жолда сарбаздар нөсерлеп құйған жауыннан таң намазын оқи алмай қиналады. Сонда осы үңгірге кез болып, бәрі осы жерді паналап таң намазын оңай оқып алады. Сарбаздардың бірі: «Мына үңгірді “Есіркеп” немесе “Қойкелді” деп атайық» деп ұсыныс білдіреді. Бұған қол бастаған батыр бабамыз: «Жоқ, бұл жер киелі, берекелі мекен, он мың әскерден тұратын бізді де қойнауына сидырып, бәрімізге бірге намаз оқуға мүмкіндік берді. Іші де аппақ түсті ерекше мекен екен. Бұл жерді “Ақмешіт” деп атайық» деген екен. Ақсақалдардың айтуынша үңгір бұрын бұдан да үлкен болған. 1966 жылғы Ташкентте болған жер сілкінісінің әсерінен үңгірдің бір бөлігі опырылып, шөгіп кеткен деседі. Үңгір ішіндегі температура қысы-жазы бірқалыпты 15-20 градус жылылықты көрсетеді екен.
Ақ Мешіт. Үңгір ішінен көрініс
Мұндай киелі жерлердің сақталуына еліміздің әр азаматы күш салуға міндетті екені сөссіз. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеу үшін, рухани-мәдени мол мұрамызға мән беріп, ұлттық құндылықтарымызды саралау, рухани географиялық, тарихи-мәдени белдеудегі қасиетті жерлерімізді жаңғыртудың маңызы зор.
Пайдаланылған деректер
1 Қазақстанның киелі жерлерін түгелдеу — туризмді дамытады
2 Айсанов Алдияр. Жеке архив пен күнделік.