25.02.2021 Барлық жаңалықтар
«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫН ПӘН РЕТІНДЕ ОҚЫТУДЫҢ БҮГІНГІ МІНДЕТТЕРІ»
2021 жылғы 25 ақпанда Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-нің «Әлеуметтік пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ««Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижелері және отандық тарих ғылымын пән ретінде оқытудың бүгінгі міндеттері» тақырыбында онлайн-форматта дөңгелек үстел өтті.
Оның жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Рухани Жаңғыру» ғылыми орталығының жетекшісі, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Әбжанов Хангелді Махмұтұлы, «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы Әбілдәбек Салықбай, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ермұханов Еркін, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, саясат ғылымдарының кандидаты Қадыр Нұрғалым, ҚазҰАЗУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Салқынбек Досалы Исаханұлы және аталған кафедра ғалымдары мен оқытушылары қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында бүгінгі тарих ғылымы мен оны оқытудың міндеттері мен талаптары, жаңа ізденістер, тарихты оқытудың маңыздылығы мен соған сәйкес берілген тапсырмаларды жүзеге асырудың жолдары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын анықтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Модератор әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Кабдушев Болат Жоламанұлы кіріспе сөзінде ЖОО орындарында тарих пәнін оқыту, оның мақсаттары мен міндеттері, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған бағыттардың іске асырылуы мен мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы тарихшыларға, жалпы қоғамтанушылар қауымына үлкен мақсат пен міндет артатынына тоқталып өтті.
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің басшылығы атынан құттықтау сөз алған университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Махмутов Серік Қапанұлы өз сөзінде отандық тарих ғылымы және оны оқыту ұзақ жылдар бойы ескі кеңестік шырмаудан шыға алмай келгендігін айта келіп, бүгінгі жаңғырған қазақ қоғамында жас ұрпақтың тарихи санасын тәрбиелеуде, елсүйгіштікке, патриотизмге, өткенімізді құрметтеуге тәрбиелеуде қоғамдық пәндердің, оның ішінде, тарих пәнінің маңыздылығы мен қажеттілігіне тоқатала келе, дөңгелек үстел жұмысына қатысушыларға сәттілік білдірді.
Осындай маңызды мәселеге арналған дөңгелек үстелде алғашқы болып сөз алған академик М.Қ. Қойгелдиев «Ұлттық тарих ғылымы: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында келелі ой қозғады. Академик өз баяндамасында ұлт тарихын оқытуда мына мәселелерге:
- Жас ұрпаққа ой салатын тарихи оқиғалар мен үлгі бола алатын тұлғалар тарихын көбірек қамту;
- Тарихи құжаттар мен деректер арқылы оқыту;
- Методологияны жетілдіру;
- Тарихи құжаттарды пайдалану арқылы оқушыны, студентті өз бетінше ізденуге, тұжырымдама жасауға дағдыландыру;
- Мектептен бастап Ж. Баласағұнның «Құтадғу білік»жылнамасы мен Махмут Қашқаридің «Диуанү лұғати әт-түрік» яғни «Түркі тілдері жинағы» еңбегін оқыту мәселесіне баса назар аудару қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ ғалым алдағы уақытта жазылатын, Президент тапсырмасы бойынша қолға алынған академиялық 7 томдық «Қазақстан тарихына» қатысты өз ойларымен бөлісті.
«Қазіргі тарих ғылымының зерттелу деңгейі және оны жетілдіру жолдары» тақырыбында сөз алған академик Х.М. Әбжанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген ауқымды істерге шолу жасай келе, қазіргі таңда «Қазақстан тарихы» пәнінің ЖОО оқытылуы, мемлекеттік емтиханның міндетті түрде болуы өскелең ұрпақтың ел тарихы мен мәдениетін, этнографиясын, дәстүрін, т.б. рухани құндылықтарымызды бойына сіңіріп өсуіне барынша ықпал жасайтындығына жан-жақты тоқталды. Баяндамашы өз сөзінде мектеп оқулығы мен ЖОО оқулықтардың бүгінгі жағдайына, олардың айырмашылығына тоқталды. Сондай-ақ ЖОО арналған оқу бағдарламасында көп жағдайда мектеп бағдарламасындағы материалдардың қайталануы жастардың білімге, ел тарихына деген қызығушылықты бәсеңдететіндігіне және пәнді оқыту барысында статистикалық мәліметтерден гөрі айтулы оқиғалар мен тұлғаларды оқытуға баса мән беру қажеттілігін көтерді
Кезекті сөз алған «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы Әбілдәбек Салықбай «Тарихи білімді насихаттаудағы «Қазақ тарихы» журналының рөлі» және Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Б.Т. Берлібаев «Қазақстандағы тарихи білімнің бүгінгі міндеттері» тақырыбында ой бөлісіп, соңы қызу пікір алмасуға ұласты.
Зира Төленова т.ғ.к.,
Әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті
ҚР ҰҒА академигі М.К. Койгелдиев. ҚР ҰҒА академигі Х.М. Әбжанов