МӘРЕСІНЕ ЖЕТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БӘЙГЕ

МӘРЕСІНЕ ЖЕТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БӘЙГЕ


04.05.2021 Барлық жаңалықтар


Құттықтаймыз! Құттықтаймыз! Құттықтаймыз!

«Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар ауадай қажет...» деген қағиданы берік ұстанған Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер», «Қазақстанның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралды географиясы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Ауыл – ел бесігі» тақырыптары бойынша  студенттік жұмыстар (шығармалар) конкурсын республикалық деңгейде өткізуге бастама көтерген еді. Атаулы игі шараға Алматы қоғамдық даму басқармасы «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі де қолдау білдірген болатын. Үш айға созылған бәйгеміз мәресіне жетіп, 2021 жылдың 30-сәуірінде қорытындысын шығаруға дөңгелек үстелде бас қостық.

Дәстүр бойынша дөңгелек үстелді құттықтау сөзбен университетіміздің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Махмутов Серік Қапанұлы ашып берді. Келесі сөз алған Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Рухани Жаңғыру» ғылыми орталығының жетекшісі, аталмыш саланың тәжірибелі маманы академик Әбжанов Хангелді Махмұтұлы бүгінгі таңдағы мемлекеттік бағдарлама жобасының сарқылмайтын бұлақ көздеріне терең тоқталды. «Ақиқатын айтқанда әзірге осы жобадан басқа қоғамды ұйыстыратын идеология да болмай тұр. Ендеше бағдарламаның әр бағыты жастарымыз үшін темірқазық. Сондықтан жаңғыру жобасының бірін түсініп, бірін қабылдай алмай отырғаны, мәселенің қамтитын ауқымының кеңдігінен. Қазіргі сандық технологияға көшу яғни төртінші өнеркәсіптік төңкерістің өзгерістерінен Қазақстан да қашып құтыла алмайды. Ғаламдану дәуірінде Ұлт ретінде жұтылып кетпеуіміз үшін не істеуіміз керек дегенде жауапты біз тек қана осы бағдарламадан табамыз».

Алматы қоғамдық даму басқармасы, КММ «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Конырова Гульнара Калеловнаның басқаруындағы жалпы қалалық жоғары оқу орындарының басын біріктіріп, жұмысын үйлестіретін мекеме болғандықтан көп жағдайда ортақ атқарылатын қалалық жоспар жасалып орындалуын қадағалау, ақыл-кеңес беру, кәсіби шеберлікті жетілдіру, шыңдау жұмыстармен қатар қалалық деңгейде үлкен жобаларға бастама болып отырғандығын директордың орынбасары Рахимова Венера Махамбетқызы жан-жақты айтып өтті.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Рухани Жаңғыру» ғылыми орталығының жетекшісі  тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Роман Аймағамбетұлы аймақтық жалғыз педагогикалық бағыттағы институт ретінде оқу шаңырағында рухани-тәрбиелік әрі оқыту-әдістемелік жұмыс бағытына осы бағдарламаның тигізер маңызы жайлы баяндап берді. Жұмыс қажетті жағдай қарастырылған, мұражай мен арнайы аудитория, кабинетіміз бар. Әр факультеттің бағдарлама бағытында жоспары, атқарылған жұмыстар сарапшылар тарапынан талданатынын жеткізді.   

Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» офисінің ғылыми және білім ортасымен байланыс бөлімінің басшысы Қасыметова Бахытгүл Техниковна, ҚазҰАЗУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Салқынбек Досалы Исаханұлы профессоры Мұхамеджан Қуаныш Шәкіртұлының қоғамдағы дәстүрлі рухани құндылықтар жайлы тың толғамдары  аудиторияға ойға бөлеп, тыңдарман қауым көкейінде жүрген көптеген сауалдарға тұщымды жауап алды.

Басқосу барысында Әлеуметтік пәндер ұжымының дайындаған кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Мазмұны рухымыздың жаңғыруына  үндейтін «Парасаттың шығармашылық жолы» атты альбом-кітабымыз техникалық қара шаңырақта 20 жылдан астам өткізіліп келе жатқан тағылымға толы жұмысымыздың есебі. 1998 жылы «Парасат» атауымен студенттердің зияткерлік клубының құрылғанынан есептесек, 100-ден астам Қазақ елінің дамуына еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, көрнекті жазушылар, академик-ғалымдар, өнер және спорт майталмандарымен кездесулер өткізіппіз. Бұл жәй әншейін кездесу емес, мұнда 20 мыңдай  студент жастардың эмоцияға толы әсерлері бар. Сол құндылықтарды ұлықтауға Парасат кітап-альбомымыз оқырман қауымға жол тартсын, қажетіне жарасын, зердесіне құйылсын  деген ниетпен ақ жол тіледік!

Үстел басындағы басқосу сәтін пайдаланып, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңселерімен бірлесіп дәрістер, мастер-кластар, жарияланымдар, ғылыми зерттеулер, оқу-әдістемелік әдебиеттер, мерзімді басылымдар, өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат, тәжірибемен алмасу мақсатында меморандум қол қоюға келістік. Құжаттарды реттеп бұл рәсімді де онлайн жүзеге асыратын боламыз.

Отырыс соңында мәресіне жеткен шығармашылық бәйгенің (конкурс) нәтижесі талданды. 100 шақты жұмысты іріктеп, «Туған жерге» 5 бағытта жазылған 40 шығарманы комиссия таңдап жинаққа қосты. Олардың арасынан 1-ші, 2-ші, 3-ші дәрежелі дипломға лайық шығармалар анықталды... Осылайша комиссия жұмысын қорытындылаған модератор жиналған қауым алдында Республикалық студенттік жұмыстар (шығармалар) конкурсының материалдар жинағын таныстырып, конкурс жеңімпаздарын марапаттады.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі

Болат КАБДУШЕВ

ENERGO UNIVERSITY