08.09.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылдың 20 шілдесі күні «Ғарыштық инженерия» кафедрасының профессоры Мейрбек Молдабекович Молдабеков 75 жасқа толды.
Мейрбек Молдабекович Молдабеков 1970 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша бітіріп, 1975 жылы Мәскеу авиациялық институтында «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша білім алды.
Мейрбек Молдабекович өзінің еңбек жолын Алматы қаласында 10.1970-10.1973 уақыт аралығында Қазақ политехникалық институты кафедрасының ассистенті, тағылымгер-зерттеушісі қызметінен бастады.
09.1977 - 12.1988 уақыт аралығында Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, аға оқытушысы, доценті қызметін атқарды.
12.1988 - 11.1991 уақыт аралығында ҚазКСР Ғылым академиясының Механика, математика институтында жетекші, бас ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеді.
11.1977 - 07.1993 уақыт аралығында ҚазКСР ҒА Механика және машинатану институтының (ҚР ҰҒА) зертхана меңгерушісі болып қызмет етті.
11.1991 - 07.1997 жылдары Қазақстан Республикасы ҰАК бас директорының орынбасары – «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының бастығы қызметін атқарды.
04.1997 - 01.1998 уақыт аралығында Қазақстан Республикасы ғылым министрлігі - Ғылым академиясы ғылыми кадрларды аттестаттау департаментінің директоры болды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің директоры, Аэроғарыш комитетінің төрағасы, Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін 01.1998 - 06.2005 уақыт аралықтарында атқарды.
08.2007-25.08.2014 уақыт аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.
2005 жылғы мамырдан 2007 жылғы тамызға дейін «Қазғарыш» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, 2008 жылғы қарашадан бастап «Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті Төрағасының кеңесшісі (қоғамдық негізде) қызметін атқарды.
1989 жылы техника ғылымдарының докторы атанды. Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Талдау мен синтездің аналитикалық әдістері, жоғары класты механизмдер мен манипуляциялық құрылғыларды автоматтандырылған жобалау».
1997 жылы ҚР ҰҒА академигі атанды.
Автоматты басқару жүйелері және механизмдер мен машиналар теориясы бойынша ғылыми мектеп құрды.
Төмендегілерді құруға қатысты :
- «Қазсат-2»,»Қазсат-3» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі;
- Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі;
- Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені;
- «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені;
- Қазақстан Республикасының дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйелері.
«Жоғары сыныпты манипуляциялық құрылғылардың аналитикалық теориясының негіздері» (1989), «Қарапайым математикадан есептер жинағы» (1992), «Тік ағынды созу орнақтарында сымның керілуін тұрақтандыру» (1998), «Механизмдер мен машиналар динамикасын математикалық модельдеу» (1998) кітаптарының авторы.
1967 жылы Алматыда Қазақ политехникалық институтының студенттері құрған «Дос-Мұқасан» вокалдық-аспаптық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі.
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2015). «Парасат» (12.2007), «Құрмет» (1998) ордендерімен, «Астана» (1998) медалімен марапатталған. «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамында Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974).
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы Сізге зор денсаулық, отбасылық береке, жұмысыңызға сәттілік және барлық бастамаларыңызға табыс тілейді! Сіздің кәсіби шеберлігіңіз бен адалдығыңыз біздің елімізге ұзақ уақыт қызмет етіп, жаңа жетістіктерге негіз болсын!
Сондай-ақ, барлық ниет білдірушілерді 2022 жылдың 14 қыркүйегінде сағат 9:00-де өтетін ҚР ҰҒА және ҚР ҰИА академигі Молдабеков Мейрбектің 75 жылдық мерейтойына арналған «Ғарыштық техника мен технологияларды дамытудағы механика мен автоматты басқару теориясының басымдықтары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысуға шақырамыз. Конференция Алматы қ., Шевченко к-сі, 28 «Ғылым ордасы» ғимараты, Орталық ғылыми кітапхананың конференц-залында өтеді.