Ахаңның мерейтойы: нендей шаралар өтті, алда не істейміз?!

Ахаңның мерейтойы: нендей шаралар өтті, алда не істейміз?!

12.09.2022 Барлық жаңалықтар


Биыл ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына орай Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы да Ахаңның өмірінің өнегесі мен мұрасын жастар  арасында насихаттау ісіне атсалысуда.

Біздің оқу ғимараттарымыз ұлт ұстазының есімі берілген көшеде орналасқан. Жамбыл көшесімен қиылысқан тұста Ахаңның мұражайы бар. Студенттердің «Ғибрат», «Ұлағат» танымдық клубтары осы мұражайға қамқорлық қолұшын беріп, тағылымды шаралар өткізгенінің куәсі болып қатысқан едім. Пандемия кезінде үзіліп қалған аталмыш игі істер жастар тарапынан жанданатындығына сенеміз. 

Бір жағынан биылғы қабылданған студенттерімізді «мұражайға сапар» жобасымен Ахаңның өмірінен сыр шертер жәдігерлермен таныстырып, сессия қарсаңында шығармашыл тұлғаның рухымен жігерлендіріп алмақ жоспарымыз бар. Әдеттегідей бірінші курс студенттерінің 12-22 қыркүйекте өтетін дәстүрлі «Он күндік» бәйгесіне Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы жайлы (эссе, зерделеу, бейне түсірілім жасау) жеке тапсырма енгізіздік. Қорытындысы 23-і қыркүйекте жарияланып, белсенді қатысқандарды марапатқа қоса әсем Алматы өңірінің киелі жерлеріне саяхат жасауға университет басшылығы қаржы бөліп отыр.

Дегенмен биылдыққа Ахаңның мерей тойына бағышталған бірқатар іс-шараларды қайырып тастадық деп мақтанышпен айта аламыз.

1 сәуірде университетіміздің Ербол Сыпатаев атындағы кітапхана залында белгілі «ахметтанушы» М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., Гүлжиһан Жұмабергенқызының оқытушылар, студенттер қауымымен салиқалы сыр-кеші өтті.

29 сәуірде Сәтбаев университетінде Ахаңның шығармашылығына арналған әдемі жиында академик Хангелді Әбжанов, Байтұрсынов атындағы мұражай-үйдің директоры Райхан Сахыбекқызы, профессор Досалы Салқынбекпен қатар студенттер алдында дәріс оқыдық.

29-30 мамыр күндері Арқалық қаласында өткен «Саяси-қуғын сүргін: тарих тағылым және қазіргі заман» атты халықаралық форум аясында өткен Ахмет Байтұрсыновты еске алу шараларына қатынастық.

5 қыркүйекте ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының ұйымдастырып Ахаңның туған күнін ұлықтаған шараның салтанатты жиыны Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Ғылыми кеңес залында өтті. Қауымдастықтың Президенті профессор Р.А. Алшановтың төрағалығымен «Ахмет Байтұрсынов – ұлт ұстазы, реформатор, ғалым» - э.ғ.д., профессор Ә.А. Әбішевтің, «Ахмет Байтұрсынұлы – ғасыр көшбасшысы» - Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, академик Д.П. Қожамжарованың, «Білімді реформалаудағы Ахмет Байтұрсыновтың ұстанған негізгі принциптері: болашақ көзқарас» - Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор С.С. Сағынтаеваның мазмұнды, қызықты баяндамалары тыңдалды.

Мұнымен тоқтап қалмаспыз. Жоспарда «Шалқар» радиосында сұхбат бермекпіз. Студенттерге Ахаңның туған күнін жыл сайын атап, тәлімдік шаралар ұйымдастыратын боламыз. 

Қазақтың Ахаңын ұлықтаған тағылымды іс-шаралар республика көлемінде және халықаралық ЮНЕСКО аясында жалғасуда. Өкініштісі, Торғай жерінде Ахаңның өтпек тойының шырқы кеткені-ай! «Жаманшылықтың артында бір жақсылық бар» демекші, бас аман, ел тыныш болса бәрі оңалар. Президентіміздің бұл тойды өз деңгейінде атап өтеміз деген сөзі бар...

Кабдушев Болат Жоламанұлы

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі