27.09.2022 Барлық жаңалықтар
«Халық қаншалықты бай болса да, терең білімсіз оның байлығы
әрқашан өркениетті халықтардың қолына өтеді».
Ахмет Байтұрсынұлы.
Жазымыз өтіп, қоңыр салқын күзіміз де келіп қалды. Жоғары оқу орындары үшін әдеттегідей қарбалас шақ, жазғы демалысымыз аяқталып, университетіміздегі студенттік өмірмен біте қайнасқан сабаққа кірген уақыт. Үйреншікті оқу үрдерісімен қатар алда атқарылатын небір жоспарлар, жүзеге асырсақ деген жобалар бар.
Шамамызға қарай қанағат деп биылдыққа қазақтың рухани ұстазы Ахаңның 150 жылдығына қатысты университеттер әрі республика көлемінде бірқатар жиындарға қатынасу, қолқабыс беру, жоспарланған кей іс-шараны ұйымдастырғанымыз жайлы өткенде баяндаған едім. Күні кеше ғана қазақ радиосының шақыруымен Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ автономиялы Республикасының құрылуы барысындағы атқарған қызметі туралы әріптесім, тарихшы-ғалым Досалы Салқынбек бар, журналист Арғынғали Таланттың жүргізуімен сұхбат құрдық.
Бір жағынан мұның бәріне Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның тобындағы зерттеу жұмыс сеп болуда. Ахаңның саяси қызметі туралы деректердің көрнекі топтамасымен ҚР Президенті архивінің жылжымалы көрмесінде (Арқалықта) танысқан едік. Рухани ұстаздың қайраткерлігіне қатысты тың құжаттар оның 1937-38 жылдардағы тергеу істерінде де бар.
Сонымен комиссия құрамындағы зерттеу жұмысының жемісі деп айтайық, кеңестік дәуірінде ірі қызметте жүріп, жазықсыз құрбан болған тұлғаларға қатысты деректер қоржынымызда молая түсті. Жаздың алғашқы айы Алматы энергетика және байланыс университетінің кіші Ғылыми кеңес залында «31 арна» телеканалының түсірген тарихи тұлғалар Ораз Исаев пен Нығмет Нұрмақовқа арналған деректі фильміне сұхбат жазылған еді.
Арасында баспасөзге берілетін сұхбаттарымыз, мақалаларымыз бар, әйтеуір қоғамның назарына ұсынып, жастардың құлағына құйылсын, танысын, сабақ болар, тағлым алсын деген ниет. Ұлт тарихынан сыр тартып, ата дәстүрімен тәрбиеленген жастардың рухы да мықты болады деген терең ой. Елім еміреніп тұратын, саналы жастарымыз көп болсын деген тілек!
Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Кабдушев Б.Ж.