2022/23 ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ «ПАРАСАТТЫҢ» АЛҒАШ БАСҚОСУЫ

2022/23 ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ «ПАРАСАТТЫҢ» АЛҒАШ БАСҚОСУЫ

29.09.2022 Все Новости


Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Әлеуметтік пәндер кафедрасының құрамында 1998 жылдан бері «Парасат» зияткерлік клубы жұмыс жасайды. Оған еліміздің ғылым, мәдениет, өнер саласында ерекше танылған тұлғалары шақырылып, студенттермен жүздеседі. Бүгінге дейін 200-ге тарта көрнекті адамдар клубымыздың қонағы болған екен.

28 қыркүйекте «Парасат» клубында – «Kaganica» Түркі руна жазуы халықаралық орталығының негізін қалаушы және директоры Ерлан Еспенбетовпен студенттердің кездесуі өтті.

Көздеген мақсатымыз жастар арасында көне түркі жазуы арқылы тарихи жәдігерді насихаттау, жастарға ортақ түркі тарихы, ұлттардың қалыптасуынан терең мағлұмат беру болды.

Жалпы ұмытылып бара жатқан руна жазуын тарихи жаңғыртуға деген Ерлан Оразбекұлының ұмтылысы құрмет тудырады, оны қолдаушылар жалғыз біздің елде ғана  емес, Ресей құрамындағы түбі бір түркі бауырларды да қызықтырады екен.

Дәріс барысында түркі әлемі өркениетінің маңызы, алатын орны, туыстас халықтардың ортақ мәдениетінің тамырлары туралы терең әңгіме қозғалды.

Әдетінше студенттердің қойған сауалдарына жауап беріп, әңгіме әлеуметтік желіде байланысқа түсу арқылы жалғастыруға келісілді.

Биыл Қазақстанның толық тарихын оқуға көшуімізге байланысты студенттеріміз түркі қағанаты кезеңіне қатысты білімін кеңейтуге септігі болары анық.

«Парасат» клубы және «Рухани жаңғыру» кеңсесі